Сіз өлгенде.... Тірліктің демін жұтып ең соңғы рет, Соғуын тоқтатқанда тірі жүрек. Жәрдем бере алмайды аяулы анаң, Бар болғаны жылайды зар еңіреп. Шел басып көздеріңді судай тұнық. Кеткен сәтте денеңнен жаның шығып. Жәрдем бере алмайды асыл әкең, Бар болғаны мұңаяр іштей тынып. Тамырыңмен жүгірмей қызыл қаның, Қозғалыссыз қалғанда саусақтарың Атыңды айтып ақырып зарлағанмен, Жәрдем бере алмайды бауырларың. Өлгеніңе сене алмай шыныменен, Кетеді тұңғиықтау ойға терең. Жәрдем бере алмайды сүйген жарың. Қайғы жұтып, өкіріп, өксігенмен, Жан-жағына бұрылмай қара басың, Дірілсіз қалған сәтте кірпік, қасың. Жәрдем бере алмайды балаларың, Бар болғаны көл қылар көздің жасын. Марқұм дейді, аталмай тіпті атың, Сен жүрген жолдар енді болар сағым. Өле-өлгенше сыйласып өтем деген, Жәрдем бере алмайды туысқаның. Бір мұңайып жүрсең де бірге күліп, Жоламайды енді саған шошып, үркіп. Жәрдем бере алмайды жолдастарың, Өз қолымен тастайды жерге көміп. Дүниемен бағалап ердің құнын, Жиған едің күндіз-түні таппай тыным. Артығымен тұрса да бермейтінсің, Сол дүниең құтқармас сені бүгін. **** Сіз өлгенде берер жәрдем кәлимаңыз, Намаз, зекет, қажылық, оразаңыз. Жаратқанның жәннатын аңсасаңыз, Көп болсын салихалы амалыңыз. Албаров Мадияр

Теги других блогов: Жизнь Смерть Религия